Тұрақты даму саласындағы көптеген мәселелердің шешімін көбіне табиғаттан табуға болады, сондықтан табиғат ресурстарын пайдаланып қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап әрекеттесу қажет. Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО) анықтамасына сәйкес «Табиғатты қорғайтын шешімдер» дегеніміз – табиғи немесе түрленген экожүйелерді қорғау, орынды пайдалану және қалпына келтіруге бағытталған шаралар. Бұл шешімдер қоғамда туындаған түрлі мәселелерді тиімді де бейімделіп шешеді, сонымен қатар адамдардың денсаулығына және биоалуантүрліліктің артықшылықтарының сақталуына септігін тигізеді. Мұндай тәсілдер парниктік газдар шығарындыларын азайтып, көміртекті көбірек тұтуға ықпал етеді; климаттың өзгеруіне төзімділікті арттырып, топырақ пен судың күйін және биоалуантүрлілікті жақсартады. Бұл туралы БҰҰ саммиттерінде бірнеше рет айтылған.
Бүгін біз мұнай-газ саласы туралы айтып отырғандықтан, өндірістік қызметтің экожүйеге қалай әсер ету мүмкін екенін ескерген маңызды. Кен орындарын игеру және пайдалану барысында табиғи аумақтар өзгеріске ұшырауы мүмкін.
Алайда, ықтимал қатерлерге қарамастан, бұл бағытта оң тәжірибелер де кездеседі. Кейбір мұнай-газ компаниялары биоалуантүрлілікті сақтау жолында нақты қадамдар жасап келеді. Мысалы, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) 1998 жылдан, яғни кен орнын игеруші оператор ретіндегі қызметін бастаған сәттен бастап, табиғатты қорғау жобаларына шамамен 460 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды. Компанияның бұл тұрғыдағы мақсаты – биоалуантүрлілікті сақтау және өз қызметінің экологиялық ізін барынша азайту.
Ол үшін компания биоалуантүрлілікті сақтау жоспарын (Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша іс-шаралар жоспары – БСІЖ) әзірлеп, іске асырып жүр. Аталған жоспарлар аясында биоалуантүрлілікке әсер ететін негізгі факторлар бағаланады: ластаушы заттардың шығарындылары, физикалық әсер (шу, жарық, діріл), мал жайылымы және механикалық әсер (құрылыс, карьерлер, жолдар және т.б.).
Қарашығанақ мұнай және газ конденсаты (ҚМГКК) аумағында КПО объектілерімен қатар, шикізаттың бір бөлігін қайта өңдейтін және кен орны мен инфрақұрылым объектілеріне қызмет көрсететін басқа да кәсіпорындар орналасқан. Сонымен қатар, ҚМГКК аумағында бұрын ауыл шаруашылығына пайдаланылған алқаптар бар. Бұл жерлерде 1956 жылға дейін мал жайып, пішен шапқан. 1957 жылдан бастап бұл аймақта (жайылым ретінде пайдаланылған Қоншыбай мен Калминовка жыраларының жайылмалары мен ылди жерлерін қоспағанда) дәнді дақылдар өсіріле бастаған. Қазір ҚМГКК санитариялық қорғау аймағында (СҚА) негізінен мемлекеттік қорындағы босалқы жерлер (МБЖ) басым. Дегенмен жердің бір бөлігін шаруа қожалықтары пайдаланып жүр.
Осылайша, қоршаған ортаға ықтимал әсерге қай тараптың жауапты болатынын белгілеген кезде жоғарыда аталған факторлар белгілі бір қиындықтар туғызады.
Компания 2012 жылдан бері үш жылда бір рет флора мен фаунаға мониторинг жүргізіп келеді, ал 2018 жылдан бері экожүйенің басқа да компоненттері – ихтиофауна, топырақ жамылғысы мен өсімдіктер, энтомофауна да қамтылды.
Экожүйе жағдайының динамикасын бақылау мақсатында 10 жыл сайын КМГКК аумағында спутниктік суреттерге талдау жүргізіліп тұрады.
2023 жылдан бастап КПО биоалуантүрлілікке мониторинг жасау аумағын айтарлықтай кеңейтті – енді Қарашығанақ – Атырау экспорттық құбыры (ҚАТЖ) бойындағы аумақты да қамтитын болды.
Флора мен фаунаның басым түрлерін анықтау және деректер базасын құру үшін КПО аялық және зертханалық зерттеулер жүргізеді. Мұндағы мақсат – деректер базасын құрып, экожүйедегі өзгерістерді тіркеп отыру. ҚР Қызыл кітабына және ХТҚО-ның Қызыл тізіміне енгізілген флора мен фауна түрлері басым болып саналады. Олар ортаның өзгеруіне өте сезімтал әлі әлсіз келеді, сондықтан олардың жай-күйі қоршаған ортаның жалпы жағдайының индикаторы іспеттес.

2023–2024 жылдары ҚАТЖ құбыры бойында аялық зерттеулер жүргізгенде Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» кірген және жойылып кету қаупі бар түрлер тізіміне енгізілген мынадай өсімдіктер тіркелді:
- Анджевскийдің қалампыргүлі (Dianthus andrzejowski);
- Биберштейн қызғалдағы (Tulipa biebersteiniana);
- Шренк қызғалдағы (Tulipa shrenkii);
- Фишер құссүттігені (Ornithogalum fischeranum);
- Ақ су лалагүлі (Nymphaea alba).
Мониторинг нәтижелеріне сәйкес өсімдік жамылғысының бұзылуы анықталған жоқ, топырақтың көп бөлігіне жергілікті өсімдіктер қайта шыққан, кейбір жерлерде бұталар мен шала бұталар өсіп шыққан.
ҚМГКК және СҚА аумағында көп жылдар бойы жүргізілген зерттеулер компания қызметінің флораның түрлік құрамына әсер етпегенін көрсетті, сондай-ақ зерттелген аумақта фаунаға да теріс әсер анықталмады. Топырақ жамылғысына және өсімдіктерге жасалған мониторинг нәтижелері көрсеткендей, Топырақ жамылғысы мен өсімдіктердің жай-күйі мен ластаушы заттар шығарындылары арасында қандай да бір байланыс анықталған жоқ. Энтомофаунаға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде ҚМГКК өндірістік қызметінің энтомофаунаның түрлік және сандық құрамына елеулі әсері анықталған жоқ. Ихтиофаунаға жүргізілген мониторингке сәйкес 2024 жылы ихтиофаунаның түрлік құрамы 2018 жылмен салыстырғанда өзгерген жоқ.

2024 жылы фаунаның негізгі түрлерінің санын бақылау аясында өзен құндызы (Castor fiber) түрінің саны мен мекендеу орындарына кезекті зерттеулер жүргізілді. Өзен құндызының мекендері бүкіл ҚМГКК аумағындағы және санитариялық қорғау аймағындағы су айдындарында кездеседі. Құндыздар қоныстанған аумақтардың саны мен ауданы су айдындарындағы су деңгейіне байланысты боп келеді. 2024 жылғы көктемде ҚМГКК аумағындағы және санитариялық қорғау аймағындағы көптеген су айдындарындағы су деңгейі 2021 жылғы көктеммен салыстырғанда айтарлықтай көтерілді. Су деңгейінің көтерілуі құндыздардың қоныс аударуына және олардың 2021 жылы су болмаған, бұрын қараусыз қалған ескі елді мекендерге барып қоныстануына себеп болды. КПО ҚМГКК аумағында тұратын құндыздар популяциясын бақылауды жалғастырады.
КПО су қорғау аймағымен шектес жерді мекен ететін сирек кездесетін түр – шілмұрт (Fritillaria ruthenica) популяциясының динамикасын флора әлемінің аса бақыланатын түрі ретінде есепке алып жүр. 2022 жылы табылған шілмұрт популяциясының тұрақты мол жеміс беру кезеңін өтіп жатқаны тіркелген. Осы түрдің жай-күйін бақылау кезінде кен орнының шілмұрт популяциясына қандай да бір әсер ету белгісі табылған жоқ.
Биоалуантүрлілік – Жер бетіндегі бүкіл тіршіліктің негізі. Экожүйеде түрлер қаншалықты көп болса, ол соншалықты орнықты әрі сыртқы әсерлерге де төзімді келеді. Адамның табиғи ресурстарды орынсыз және шектен тыс пайдалануы – биоалуантүрліліктің жойылуының негізгі себептерінің бірі.
Сондықтан инвесторлардың техногендік әсерді азайтуға және табиғатты сақтауға бағытталған әрекеттері ерекше маңызға ие. КПО компаниясы өндірістік қызметті қоршаған ортамен үйлесімді түрде жүргізуге болатынына жақсы үлгі көрсетіп отыр. Сол себепті компанияның табиғатты қорғауға қосқан үлесін Қазақстанда да, одан тыс елдерде де кәсіби қауымдастық мойындап, жоғары бағалап келеді.

